Қазақстан республикасының президенті Қазақстан халқына жолдауы

«ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 1 қыркүйек


Құрметті отандастар!

Құрметті Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, Үкімет мүшелері!

Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр.

Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды.

Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қолұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды.

Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бейжай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер.

Бұл Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі деп санаймын.

Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу.

Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ.

Миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді. Елбасы – Nur Otan партиясы Төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы «Біргеміз!» қорының қолдауымен біржолғы қаржылай көмекке ие болды.

Пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналды. Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткеруде. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда.

Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы – біз азаматтардан еш нәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы.

Алайда ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауға тиіс. Күрес әлі жалғасуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет.

Алдағы айларда күш-жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз ке­рек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз керек. Барлық шешімдер мұқият тексерілген бол­жам­дарға негізделуге тиіс.

Үкімет нақты шектеулер мен бейімді карантин әдісін енгізуде. Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орын­далатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Дегенмен, еліміздің жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзімді дамуын естен шығармауымыз керек.

Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет.

Дей тұрғанмен, болашақта көш бас­тайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық.

Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институттық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет.

Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз.

Ендеше, іс-қимыл жоспары қандай болмақ?

I. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі

Бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет.

Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйе­сіне және оларды орындау жауапкершілі­гіне деген көзқарасты өзгертуден бас­тауымыз керек.

Пандемия және дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесі бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеуде. Жедел шешімдер қабылдау айтарлықтай уақыт пен қаражатты талап етеді. Бірақ алдағы жоспарларды назардан тыс қал­дырмауымыз қажет. Сондықтан мен тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым.

Бұрын мұндай орган болды және өз жұмысын ойдағыдай атқарды. Енді осы агенттік қайтадан тұтас мем­лекеттік жос­парлау жүйесінің негізгі орта­лығы­на айналады. Агенттік ұсынған реформалар нақты, іске асатын және ең бас­тысы, бар­лық мемле­кет­тік органдар үшін орын­дауға міндетті болуға тиіс.

Реформалар жөніндегі жоғары прези­денттік кеңес құрылады. Бұл кеңестің шешімдері түпкілікті болады. Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті Агенттік құрамына беріледі.

Дәстүрге сай, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жоспарлау, орындау және бағалау қызметін негізінен мемлекеттік аппарат атқарады. Бұл – дұрыс емес.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесі адам ресурстарын барынша жұмылдыруға тиіс, яғни жеке сектор мен қоғам өкіл­дерін толыққанды серіктестер ретін­де жұмыстың барлық кезеңіне – жоспар­лауға, орындауға және бағалауға тартуы керек.

Сан алуан көрсеткіштер мен индика­т­ор­лардан тұратын мемлекеттік бағдар­ламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша аза­матқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негіз­гі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәти­жесі болуға тиіс.

Осындай түбегейлі реформаны жүр­гізу үшін мемлекеттік аппараттың қыз­ме­тін қайта қарау керек. Бұл мәселе бойынша реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесімділігі аса маңызды.

Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керек. Пандемия ке­зінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін және бұған толық мүмкіндік бар екенін көрсетті.

Мемлекеттік аппарат және квази-мемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартқан жөн. Осылайша біз 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқарту мәселесін шешетін боламыз. Соның нәтижесінде және цифрландыру үдерісін ескере отырып, одан әрі қысқарту туралы шешім қабылдаймыз.

Үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтетін боламыз. Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, сондай-ақ ең сорақысы, жемқорлыққа әкеп соқтырады. Сондықтан 2021 жылғы
1 шілдеден бастап балдық-факторлық жүйе енгізілуге тиіс. Мұндай жоба мем­лекеттік қызметшілердің құлшы­ны­сын арттырып, жауапкершілігін нығай­та түседі.

Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби бі­лікті, озық ойлы және бастамашыл ма­ман­­дар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жет­пейтін жабық кастаға айналмауға тиіс.

Сонымен қатар кәсіби және этикалық нормалардың құлдырауына жол бермей, сабақтастық пен институционалдық дәс­түрдің сақталуын қамтамасыз ету маңыз­ды. Осы тұста жауапты хатшылар институтына арнайы тоқталғым келеді.

Бұл институтты енгізген кезінде жа­уапты хатшылардың жиі ауыспай жұмыс істеуі министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстардан босатып, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген ой болған. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Тіпті министрлер мен жауапты хатшылардың арасында түсініспеушілік туындап жатады. Мұның салдары ортақ жұмысқа зиянын тигізеді.

Негізгі жауапкершілік бір адамға, яғни Президент тағайындайтын министрге жүктелуі тиіс. Сондықтан жауапты хатшылар институтын жойып, олардың міндеттерін министрліктің аппарат басшыларына жүктеген жөн.

Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру үшін осы жылдың соңына дейін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырамын.

Норма шығару мәселесін де қайта қарау қажет.

Карантин кезінде құқықтық жүйенің қасаңдығы қолбайлау болып, жұмысты қатты тежегені жасырын емес. Сол себепті, төтенше жағдай режімін енгізіп, «Төтенше жарлық» шығаруға тура келді.

Бірақ мұндай шаралар дағдарыс жағ­дайында мәселені түбегейлі шеш­пейді.

Негізгі проблема атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп, адымының ашылмауында болып отыр. Біз министрлер мен әкімдерге зор талап қоямыз, бірақ олардың өкілеттіктері заңдар мен қаулылардың нақты нормаларының аясында шектеледі. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың ғана емес, Парламенттің де жұмысын қиындатады. Парламент палаталары атқарушы органдардың құзыретіне беруге болатын егжей-тег­жейлі баяндалатын нормаларды да қарас­ты­руға мәжбүр болып отыр.

Алмағайып дүниеде жедел шешім қабылдай алмау ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан Құ­қықтық саясат тұжырымдамасы аясында заңнаманы өзгерту арқылы құқықтық регламенттеу деңгейлерінің арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету керек. Мұны кейінге қалдыруға болмайды.

Тағы бір маңызды міндет – квази­мем­лекеттік компанияларды корпоративтік басқару ісін жақсарту мәселесін шешу.

Елімізде ондаған ұлттық компания және он мыңдаған мемлекеттік кәсіпорын бар. Бұл ретте ірі квазимемлекеттік мекемелер акционерлік қоғам ретінде жұмыс жүргізеді, яғни олардың мақсаты – пайда табу. Егер мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі оларға берілсе, мұндай ком­па­ниялардың жұмысы азаматтарға және экономикаға нақты қызмет көрсетуге арналып, қосымша сипатқа ие болуы тиіс.

Көптеген акционерлік қоғамда қа­лып­ты түсініктер ауысып кеткен. Корпо­ративтік басқару қосымша бюро­кра­тиялық рәсімге айналып отыр.

Тұтас квазимемлекеттік секторды реформалау ісін жалғастыру қажет. Кей­бір шешімдер бүгін жарияланады, ал қал­ған мәселелер бойынша Үкімет маған ұсыныс береді.

ІІ. Жаңа жағдайдағы экономикалық даму

Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқ­талған сияқты. Әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек.

Әртараптандырылған және техно­ло­гияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ.

Сонымен қатар экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Ұлт­тық табыстың өсімінен түсетін игілік­тер­ді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифті­лер­ді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өт­кір талабы міндетті түрде орындалуы тиіс.

Сондықтан еліміздің жаңа эконо­ми­калық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек:

Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлі­нісі.
Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі.
Әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу.
Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру.
Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту.
«Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау.
Мемлекет тарапынан дәйекті ше­шім­дер қабылдау және сол үшін қоғам ал­дында жауапты болу.

Бұл ретте біз бәсекеге қабілеттігімізді көр­­сететін артықшылығымызға және нақ­­ты мүмкіндіктерімізге сүйенуіміз керек.

* * *

Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуе­тімізді толық пайдалану.

Осы саладағы табыстарымызға қара­мастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.

Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды.

Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет.

Өнеркәсіпті реттеу және оған қолдау көрсету мәселелері түрлі заңнамалық актілерде көрініс тапқан. Бірақ ортақ мақсат көрсетілмеген, жүзеге асырылатын саясат пен шаралардың арасында өзара байланыс жоқ.

Сондай-ақ жекелеген секторларды не­ме­се салаларды реттейтін көптеген заң бар.

Мысалы, «Электр энергетикасы туралы» заң, «Көлік туралы» заң.

Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағи­дат­тарын, мақсаттары мен міндеттерін бел­гілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс.

Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз.

Әрине, өнеркәсіпке қолдау көрсетудің кең көлемді қамтитын ауқымды шараларын сақтап қаламыз. Сонымен бірге Үкімет стратегиялық тұрғыдан маңыз­ды өндірістерді, негізгі экспорттық басым­дықтарды айқындап, қолдау шара­ларының аясын кеңейту керек.

Стратегиялық жобалар үшін заттай грантты, қаржыландыру жеңілдігін, жекелей кепілдікті, экспорттық қол­дау тәсілдерін топтап ұсыну жолын қарас­тыру керек. Инвесторлардың қаржы­лық шығынының бір бөлігін салық төлеуден босату арқылы өтеуге болады.

Мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар және жер қойнауын пайдаланушылар үшін кепілді сатып алу талабын қарастыру қажет.

Ең басты нәрсе – жобаның жүзеге асырылатын бүкіл кезеңінде заңнамалық шарттардың тұрақты болуы.

Әрине, тек бұл шаралармен ғана шектелмейміз. Нақты қолдау деңгейі жо­баға салынған қаражаттың көлеміне және оның басымдығына байланысты болады.

Мемлекет пен инвесторлар арасын­дағы уағдаластықтарды бекіту үшін стра­тегиялық инвестициялық келісім жасалады. Бұл – жаңа тәсіл.

Осы бастаманы жыл соңына дейін эко­номикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі заң жобасы аясында жүзеге асыр­ған жөн. Үкімет стратегиялық келі­сім­дерге енетін жобалардың топтамасын 2021 жылдың сәуір айына дейін әзірлейді.

Өңдеуші кәсіпорындардың отандық ши­кізатқа қолайлы бағамен толық қол жет­кізу мәселесі де жүйелі түрде шеші­луге тиіс.

Үкіметке жыл соңына дейін еліміздің өңдеуші өндіріс орындарын шикізатпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бере­тін реттеу тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын.

Өнеркәсіптің дамуына реттелетін сатып алу жүйесі тікелей әсер етеді. Оның көлемі 15 триллион теңгеге жуық немесе жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігін құ­райды. Үкімет пен әкімдердің міндеті – осы әлеуетті барынша пайдалану.

Менің тапсырмам бойынша мем­лекеттік органдардың сатып алу жүйесін жақсарта түсетін жаңа заң қабылданды. Бірақ ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесі әлі де болса ашық емес және оған қатардағы кәсіпкерлердің қолы жете бермейді.

Жыл соңына дейін квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заң қабылдауды тапсырамын. Реттелетін барлық сатып алулар барынша ашық және «Бір терезе» арқылы ғана жүзеге асырылуға тиіс.

Егер тиісті құқық қолдану тәжірибесі болмаса, заңнаманы жетілдіргеннен ешқандай пайда жоқ.

Шетелдің арзан әрі сапасыз тауарлары отандық өнім ретінде ұсынылып, сатып алу конкурстарында жеңіп шығатын кездері жиі болып тұрады. Отандық өнім өндірушілердің тізімі де, индустриалды сертификаттар да жалған өндірушілерге нақты тосқауыл қоя алмай отыр.

Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін Қазақстанның қамту үлесін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлейді.

Осы салаға қатысты ортақ міндет – өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыру.

Алайда бір ғана өнеркәсіп саяса­ты арқылы индустриаландыру ісін айтар­лықтай ілгерілетуге қол жеткізе алмаймыз. Ақша-несие, салық және басқа да негізгі салалардағы саясаттың нақты сектор сұранысынан алшақтап кетпеуінің ма­ңызы зор. Бұған әлі толығырақ тоқта­ла­мын.

* * *

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес.

Бұл салада шешімін таппай келе жат­қан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы.

Өнімділікті арттырып, шикізат өндіру­мен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қой­ма және көлік инфрақұрылымын дамы­ту мақсатында шұғыл шаралар қабыл­дау керек.

Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, би­дай, майлы дақылдар, сүт өнім­дерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі эко­жүйе қа­лыптастыруға болады. Балық ша­руа­шы­лығына да ерекше мән берген жөн. Қо­сымша құн қалыптастырудың өзегі сана­латын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс.

Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңір­лік азық-түлік хабтарын құруға жұ­мыл­дыру керек.

Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында.

Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет.

Тағы бір маңызды мәселе. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды.

Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвес­тиция тарту ауадай қажет.

Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.

Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама келесі жылы аяқталады. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырамын.

Негізгі міндеттеріміз:

– әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету;

– миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру;

– еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту;

– агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру.

* * *

Өзекті мәселенің бірі – көлік-логистика кешенін дамыту.

«Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңірлермен «тармақтану» қағидаты бо­йынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді.

Дегенмен, бұл саладағы бәсекелестік өте күшті. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін.

Сол себептен «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек.

Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тың инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа мемлекеттер мен ком­панияларды тарту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және транзиттік бағдар­лардағы жылдамдықты арттыру есебінен өсуге тиіс.

Алдымызда тұрған міндет – 2025 жыл­ға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету.

* * *

Шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пан­демияның зардабы осы салаға ауыр тиді.

Экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіп­кер­ге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мер­зімі кейінге шегерілді, несиені жеңіл­дік­пен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсы­нылды. Бірақ, ахуал әлі де болса күрделі.

Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойын­ша мемлекеттік субсидия беруді тапсырамын. Субсидиялау Төтенше жағ­­дай жа­рияланған сәттен, яғни биылғы 16 нау­рыздан бастап 12 айлық кезеңді қам­тиды.

Ұлттық банк көбірек зардап шеккен сек­торлардағы шағын және орта бизнес­тің айналым қаражатын көбейту үшін арнаулы бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұған дейін бұл бағдарлама биыл аяқталады деп жоспарланған еді.

Қазіргі күрделі ахуалға байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның аясын кеңейтуді тапсырамын. Осыған орай қосымша 200 миллиард теңге бөлу қажет. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құнын 800 миллиард теңгеге дейін жеткіземіз.

Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квази-мемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алып отырған шағын орта бизнес өкілдерін жыл соңына дейін жалдау ақысын төлеуден босатуды тапсырамын.

Қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау – басты басымдық. Сондықтан осы кезеңде көбірек зардап шеккен сала­лар­дағы шағын және орта бизнес өкіл­дерінің еңбекақы қорына түсетін ауырт­палықты жеңілдету маңызды болып отыр. Бизнестің осы санаты бойынша еңбек­ақыдан бюджеттік емес қорларға ауда­рылатын төлемдерді жыл соңына дейін тоқтатуды тапсырамын.

Келесі мәселе – бизнес ахуалы. Бұл сала­ны реформалау керек. Өйткені реттеу жүйесі әлі де болса қолайсыз, тіпті жазалаушы сипатынан арыла алмай отыр.

Реттеушілік саясаттың негізгі қағи­дат­­­тарын өзгерту қажет. Мемлекеттік рет­­­теу­ге азаматтардың денсаулығын жә­не эко­логияны қорғау үшін ғана жол бері­леді.

Заң бойынша да, тәжірибе жүзінде де нақты болмыстың қасаң формадан артықшылығы бар екенін, ақыл-ой мен мән-мазмұнның қатаң заң нормаларынан басым түсу мүмкіндігін ескерген жөн. Тексеру жүргізуге тыйым салған үш жылдық мораторий осындай реттеу жүйесін жаңадан енгізуге жол ашады.

Бұл ретте сыбайлас жемқорлық мей­лінше жиі туындайтын сәулет-құрылыс қыз­меті, санитарлық-эпидемиялық қадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқа да салалардан бастау керек. Ша­ғын және орта бизнестің қызметін рет­тейтін жаңа нормативтік-құқықтық базаны келесі жылы әзірлеуді тапсырамын.

Қайталап айтамын: мемлекеттік құры­лымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекет­ке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретін­де ба­ғалануы керек. Кәсіпкерлер шенеу­нік­тер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бір­ден прокуратура органдарына жүгінгені жөн.

Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қол­дауды күшейту керек.

Үкіметке шикізаттық емес орта кәсіп­орындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл идеядан нәтижеге дейін мақсатты түрде қолдау көрсету үшін қажет.

Шағын және орта бизнестің жалпы іш­кі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтыл­ған­дардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамы­туға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ.

* * *

Жұмысымыздың табысты болуына жол ашатын маңызды фактор – «өзектес» мемлекеттік саясаттарды қайта құру.

Ақша-несие саясатын қайта қараған жөн. Біз ұлттық және халықаралық инвес­тор­лардың теңгеге сенімсіздік білдіре­тінін көріп отырмыз.

Экономиканы әртараптандыру ісінің жеткіліксіздігі және бағамның тым құ­был­малылығы шетелден инвестиция тар­т­уға кедергі келтіріп отыр. Бұл, әсіресе, шикізаттық емес секторда айқын сезіледі.

Валюта нарығын реттеуге және капитал қозғалысына қатысты проблемалар да теріс ықпалын тигізуде. Экспорттан түсетін табыстың елеулі бөлігі ішкі валюта нарығына түспей, шетелде қалып қояды. Үкімет пен Ұлттық банк экспорттаушыларды валюталық табысты сатуға ынталандыруға тиіс.

Ақша-несие саясатының ынта­лан­дырушылық рөлін де күшейту қажет. Қазіргі таңда бұл саясат көбінесе валюта нарығындағы қаржының шамадан тыс көбейіп кету қаупіне байланысты тежелуде. Банктер валюта нарығы және Ұлттық банктің мүмкіндіктері арқылы пайда таба алатын болған соң, нақты экономиканы несиелендіруге құлықты емес.

Осы өтімділікті қайта бағдарлап, бизнеске несие беріп, валюталық алып­са­тар­лықты тоқтату ісіне бейімдеу үшін шаралар қабылдауды тапсырамын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің осы міндетті шешу үшін өкілеттігі мен құзыреті толық жет­кілікті. Жыл соңына дейін жағдай түзе­леді деп үміттенемін.

Қаржы секторындағы тағы бір жағым­сыз фактор – тұтыну сегменті мен бизнес­ке несие беру ісіндегі теңгерімсіздік. Тұтынушыларға тоқтаусыз, тіпті жауапсыз несие беруге нормативтік тұрғыдан тосқауыл қою керек. Оның айтарлықтай әлеуметтік зардабы болуы мүмкін. Аза­мат­тардың қаржылық сауатының төмен­дігі оларға түрлі несиені жөн-жосықсыз тықпалауға себеп болмауы керек.

Биыл менің тапсырмам бойынша заң­на­малық және нормативтік база өзгер­тіліп, қарыз алушының төлем қабі­летін бағалауға қатысты талаптар едәуір күшейтілді. Бұрын тұтыну несие­сін оңды-солды таратып келген микро­қар­жылық ұйымдар, ломбардтар мен өзге де қаржы мекемелерінің қызметі мемлекет тарапынан реттелетін болды. Алайда бұл түйткіл әлі толық шешілген жоқ. Әсіресе, дағдарыс кезінде елдің табысы азайған тұста қарызға бату қаупі арта түсті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ несие бойынша шекті мөлшерлемелерді саралап-жіктеу және азайту үшін қосымша реттеу шараларын қабылдау керек.

Біз ақша-несие саясатына деген сенімді арттыруға тиіспіз. Сол себепті Ұлттық банктің құрамынан Ақша-несие саясаты комитетін құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына тәуелсіз мүшелер де кіреді.

Егер ұлттық табысты әділ бөлудің маңыздылығы туралы айтар болсақ, барша азаматтарға дәл сондай ұғынықты болатын салық саясатын әзірлеуіміз керек.

Бүгінде салықтар мен алымдардың 40-қа жуық түрі бар. Оны басқару ісі тым күрделі және негізінен мәжбүрлік сипатқа ие болып отыр.

Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасымен бірлесіп және депу­таттық корпусты тарта отырып, Салық кодексін және заңға сәйкес актілерді егжей-тегжейлі қайта қарауды тапсыра­мын. Мақсатымыз – салықтық міндет­те­мелерді орындауды барынша жеңілдету және салықтар мен өзге де төлемдердің санын азайту.

Бюджетті әртараптандыру мен толық­тырудың қосымша тетігі ретінде салық­тық мөлшерлемелерді жіктеу жөнінде де ойлану керек.

Шағын және орта бизнес секторы бойынша пандемиядан көп зардап шеккен кәсіпкерлерге бөлшек сауда салығын айналым есебінен төлеуге мүмкіндік беру қажет деп есептеймін.

Халықаралық салық салу жүйесінің нормаларына да ерекше назар аударған жөн. Бұл нормалар шетел инвестициясын тартуға және тапқан табысты Қазақстанға қайта құюға барынша ынталандыруы керек.

Сонымен қатар трансферттік баға белгілеуді және капиталдың елімізден шығарылуын қатаң бақылауға алу қажет. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен біріне жуығы есепке алынбай, көлеңкеде қалып келеді. Бұл бюджет табысын арттыруға мол мүмкіндік берер еді.

Салық және кеден саласын цифр­ландыру «көлеңкелі экономиканың» кез келген көріністерімен күресуге айтар­лықтай көмектеседі. Тіпті, «көлеңкелі экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғаны жасырын емес.

Сондықтан Қаржы министрлігіне қа­расты Экономикалық тергеу қызметінің жұмысы негізінен «көлеңкелі экономикамен» күресуге бейімдеуді тапсырамын.

Біз үнемді әрі жауапты жаңа бюджет саясатын әзірлеуіміз керек. Басым ба­ғыт­тар мен жобаларға ғана қаржы бөлген жөн. Қаржыны оңды-солды жұмсайтын за­ман келмеске кетті. Негізгі бюджеттік коэф­фициенттер мен ережелердің жина­ғын әзірлеу қажет.

Тұтас ахуалды білу үшін «кеңейтілген бюджет» ұғымын енгізу қажет. Онда мемлекеттік бюджеттен бөлек, бюджеттен тыс қорлардың да қаржысы есепке алынуға тиіс.

Бюджетті жоспарлаудың жаңа жүйесі ұлттық басымдықтарды қамтамасыз етіп, ұлттық жоспарлау жүйесінің құрамдас бөлігіне айналуы керек.

Мемлекеттік органдарға бюджеттік дербестік берген жөн. Бұл міндеттерді шұғыл шешуге және ұжымдық жауап­сыз­дық пен әуре-сарсаңнан құтылуға мүм­кіндік береді.

Бірақ қойылатын талап та күшеюге тиіс. Осыған орай Есеп комитетінің құзы­ретін күшейтуді тапсырамын.

Мүдделер қайшылығына жол бермеу үшін Есеп комитетін қаржыландырудың өзгеше тәртібін белгілеу керек. Оны Үкі­мет жанындағы республикалық бюд­жеттік комиссия арқылы емес, Парла­мент­тің салалық комитеттері арқылы жүзеге асырған жөн.

Бәсекелік саясаттың маңызы арта түс­ті. Бәсекелі ортаны айтарлықтай түр­лен­­­­­діріп, әр кәсіпкер үшін шын мәнінде тең мүм­­кіндік қалыптастыру қажет. На­рық­­­тар­­ды монополизациялауды тоқтату керек.

Нарықтағы көптеген салалар нарық­тық емес әдіс-тәсілдер арқылы «тас қа­малға» айналғаны жасырын емес. Кәсіп­керлер нарыққа кіре алмайды, ал егер кіре қалса, жеке монополистерге бағынуға мәжбүр болады.

Бәсекеге қарсы әрекет барлық салада – көмір, электр энергиясы, мұнай өнімдері, байланыс, дәрі-дәрмек, әуежай қызметтері, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметтері, логистика нарықтарында белең алып отыр. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Өңірлік деңгейде көбіне әкімшілік ре­сурс коммерциялық табыстың кілті саналады.

Мемлекеттік және жекеменшік сала­дағы «монополистердің» жұмысын ретке келтіру керек. Нақты ережелерді бекіткен жөн: олар қандай жағдайда және қандай нысанда құрылады, түскен табыс қайда жұмсалады. Қатаң қоғамдық мониторинг жүргізу қажет.

Биржадағы сауда-саттықты тәртіпке кел­тіру керек. Бұл, ең алдымен, мұнай өнім­дері, электр энергиясы, көмір сауда­сы­на қатысты. Бұл саладағы ірі компа­ния­­лардың көзбояушылығына жол беру­ге болмайды.

Сондықтан бәсекелестікті қорғайтын және дамытатын мықты әрі тәуелсіз орган керек. Президентке тікелей бағынатын Бәсе­келестікті қорғау және дамыту агент­тігін құруды тапсырамын.

Тең құқылы бәсекелестікті дамыту үшін мемлекеттің экономикаға араласуын азайту маңызды рөл атқарады.

Орталық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен холдингтердің меншігінде әлі де болса жеті мыңға жуық әлеуметтік емес нысан бар.

Мемлекет шаруашылықты тәуір жүр­гі­зе алмайды деген қағида аксиомаға ай­нал­ды.

Үкімет Жаңа жекешелендіру жоспа­рын қабылдауға тиіс. Мемлекет менші­гінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек.

Квазимемлекеттік секторда әкім­ші­лік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдинг­терінің рөліне арнайы тоқталғым келеді. Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірі­мен байланыссыз болған қаржы инсти­тут­тарының қызметін ретке келтірді.

Ал қазір біз мүлде жаңа жағдайда тұр­мыз. Институционалдық құрылымды өз­гер­ту – уақыт талабы. Сондықтан осы екі ұйым­ды біріктіріп, қаржылық мүм­кіндік­тері анағұрлым зор даму институтын құр­ған жөн.

Бұл ретте, портфельді компаниялардың саны 2 есеге азайып, штат саны да 50 пайызға қысқаруға тиіс.

Еліміздің халықаралық аренадағы экономикалық мүддесін белсенді түрде ілгерілетіп, ұлттық мүддені қорғауда сындарлы ұстаным және кәсіби біліктілік таныту керек.

Қазақстанның игілігі үшін Еуразия экономикалық одағының және «Бір белдеу – бір жол» жобасының зор мүм­кін­діктерін барынша пайдаланған жөн.

Әлемде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығару Үкі­мет үшін ерекше басымдыққа ие болып отыр.

«Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғының әлеуетін тиімді пайдаланған жөн.

Қаржы орталығы тікелей және порт­фельді инвестициялар тартудың негізгі құралына айналуға тиіс.

* * *

Түйіндей келе айтарым, жалпы ішкі өнімнің абстрактілі өсімімен жұртты қуан­­та алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орын­дары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік керек.

Экономикалық реформалар азамат­тардың табысын арттырып, тұрмыс сапа­сының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі ақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте ұстауымыз қажет.

III. Теңгерімді аумақтық даму

Елімізді аумақтық және кеңістік тұрғысынан дамыту тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек.

Өңірлеріміз арасында экономикалық және өндірістік бағыты, тұрмыс деңгейі, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. Сондықтан аумақ­тық даму жолында әр өңірдің бәсекелі ар­тықшылығын ескеру қажет.

Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шы­ғыс аймағының өнеркәсіптік әлеуетін барынша пайдалану керек. Осы өңірлерде еліміздің еңбек ресурсының жартысы шоғырланған. Сапалы жұмыс орындары бұл аймақтарды дамыту үшін өте өзекті.

Аграрлық секторға дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнім­дерін тереңдетіп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамытуға, құры­лыс материалдарын шығаруға және өнер­кәсіптің өзге де салаларына баса назар аудару қажет.

Индустрияландыру әлеуметтік мәсе­ле­лерді шешіп, табысты арттыру үшін ғана емес, сондай-ақ азаматтардың жаңа ментальдігін қалыптастырып, заман талабына бейімдеу үшін де маңызды. Ал бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі фактордың бірі.

Ірі металлургиялық кәсіпорындар орналасқан өңірлерді дамытуға қатысты тың көзқарас керек. Бұл, ең алдымен, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарына қатысты. Осы өңірлер жоғары технологиялы, ғылымды қажет ететін өндірістің және техникалық қызмет көрсетудің орталығы бола алады.

Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуға тиіс. Бізде осы күнге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қонбайтын қисынсыз нәрсе.

Әсіресе, моноқалаларымызды дамыту ісіне тың серпін беру аса маңызды. Бұл ретте, қала құраушы кәсіпорындарға зор жауапкершілік жүктеледі. Олар барынша атсалыспаса, бұл міндет орындалмайды.

Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында 30 миллионға жуық адам тұрады. Миллионнан астам тұрғыны бар бірнеше қала орналасқан. Отандық тауарларды сату және инвестиция тарту үшін Ресей билігінің өкілдерімен және мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнату – еліміздің шекара маңын дамытудың аса маңызды факторы.

Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе. Ауылдағы мейлінше өзекті мәселелерді шешуге арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады.

Өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсіл урбанизация үдерісін басқаруға, «миграция толқынын» кезең-кезеңмен жүргізуге, ірі қалалардағы халықтың ты­ғыз орналасуы мен әлеуметтік шиеленіс мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

IV. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты.

Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асады.

Менің тапсырмам бойынша ел тұр­ғын­дарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды.

2021 жылдың өзінде Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді.

Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажет­ті нормативтік-құқықтық актілерді қабыл­дап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.

Бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады.

Өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеу­меттік көмек көрсетілетін болады.

Биылдан бастап «5-10-25» бағдар­ламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 мил­лиард теңге бөлінді. Үкімет осы бағдар­ламаның жүзеге асырылу барысын үнемі қадағалап отыруы керек.

Кезекте тұрған адамдардың баспана мә­селесін тезірек шешу керек.

Қазір әкімдіктер оларға арнап жалға бері­летін тұрғын үйлер салып жатыр. Бюд­жеттік және сатып алу рәсімдеріне бай­ланысты бұған ұзақ уақыт кетеді.

Бұл тәртіпке өзгеріс енгізетін кез келді. Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөл­ген жөн. Оның ауқымы осы шара­ның арқасында алғашқы жылдың өзін­де-ақ 10 есе өсіп, жүз мыңнан астам отба­сына нақты көмек көрсетіледі. Бұл жұмыс­ты реттеуді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде құрылып жатқан «От­басы банкіне» тапсырдым. Банк басшы­лығы тікелей жауапты болады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясын­да жеке тұрғын үй салу ісі баяу жүріп жатыр. Мұның басты себебі – үй салынатын аумақты дайындау ісінің қарқыны төмен. Өйткені заң бойынша су және электр желілері жүргізілген аумақтан ғана жер беріледі.

Жер үй тек баспана ғана емес, сондай-ақ табысы аз, әсіресе көпбалалы от­басылардың экономикалық тірегі де бола алады. Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік жер үйлер салынатын учаскелерді ин­фра­құрылыммен қамтамасыз ету ісін же­дел­детуі қажет. Бұл ретте, мемлекет-же­кеменшік әріптестігін де қолданған жөн.

Депутаттардың осы маңызды мәселені шешуге тікелей атсалысуын сұраймын. Ауыл еңбеккерлерін қолжетімді баспа­намен қамтамасыз ету үшін жұмыс бе­рушілердің шығындарын субсидиялау арқылы жалдамалы үйлер салуға мін­дет­теп, көптеген отандасымыздың тұрмыс сапасын неге жақсарта алмаймыз?!

* * *

Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе.

Өкінішке қарай, Қазақстанда әр­бір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандас­та­ры­мыз­дың 20 пайызға жуығы мұны ажы­расуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мем­ле­кеттермен салыстырғанда көңіл көншіт­пейді.

Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңса­ған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстра­кор­пораль­ды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет.

Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек.

Біз кәмелеттік жасқа толмаған бала­ларға қатысты жыныстық сипаттағы әре­кеттері үшін қылмыстық жазаны едәуір қатаңдаттық. Алайда бұл проблема әлі де ушығып тұр.

Мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқы­ғы­нан айырылып, мейлінше қатаң жазалануы керек. Оларды қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемелерінде оқшаулаған жөн.

Мұндай әрбір істі прокуратура орган­дары ерекше бақылауға алуға тиіс. Әлеу­меттік және құқық қорғау органдарының әре­­кет­сіздігі немесе салғырттығына бай­­­­л­­а­­­нысты қатаң жаза қолданылатын болады.

Жалпы, бізге әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек.

Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы 17 заң­мен және заңға сәйкес ондаған актімен реттеледі. Бұл реттеу ісінің күрде­ленуіне және жүйесіздігіне әкеп соқ­тырды. Соның салдарынан мемлекет жауап­кершілігі айқындалмай, азаматтар өз құқықтарын жете түсінбей жүр. Үкіметке еліміздің Әлеуметтік кодексін әзірлеу жұмысын бастауды тапсырамын.

Әлеуметтік төлемдерді цифрландыру үшін шаралар қабылдау керек. Осыған орай азаматтың «әлеуметтік цифрлы әмиянын» енгізіп, тиісті тауар өткізуші жүйе қалыптастыру қажет.

Біздің қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертуі керек. Жас буынға еңбекті бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеуді үйреткеніміз жөн.

Өкінішке қарай, жастарымыз әп-сәтте байып кеткісі келеді. Олардың лоте­реяға, бәс тігуге және букмекер агенттік­теріне жаппай әуестігінің себебі осында. Күнделікті өмірде гастарбайтерлер туралы орынсыз қалжың айту және олардың еңбегін менсінбеушілік етек алды.

Алаңдаумен өткен соңғы айларда ең­бек етудің баға жетпес қадір-қасие­тін жете түсіндік. Кіші медицина қыз­мет­керлері, коммуналдық және қызмет көрсе­ту саласында еңбек ететін азамат­тар қыруар жұмыс атқарды. Бұл – нағыз еңбектегі ерліктің жарқын үлгісі. Мұн­дай адамдар мемлекет назарынан тыс қалмайды.

V. Қолжетімді әрі сапалы білім

Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде.

Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет.

Дегенмен, сапалы білім алу үшін әдет­тегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптар­ды сақтай отырып, білім алудың қалып­тасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды.

Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүм­­кін­дік туғызу үшін жүйелі шаралар қа­был­­дау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы.

Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бас­тап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабыл­дадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді.

Біз балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешуіміз керек. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін.

Бұл түйткіл мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейді. Осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жа­ңа түр­лерін, соның ішінде қаржылан­дырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет. Ата-аналар кез келген балабақшаны немесе мектепті таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады.

Мамандардың негіздеуінше, мем­ле­кеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды.

Осыған орай, мемлекет қара­пайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл ара­сын­дағы білім беру саласындағы алшақ­тықты қысқартуға жол ашады.

Азаматтардың сауаттылығы мен цифр­­лы біліктілігін арттыру мақса­тында Үкі­метке Үздіксіз білім беру тұжы­рым­дама­сын әзірлеуді тапсырамын. Бұл құ­жат­та бейресми білім берудің баламалы нұс­қаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нә­тижелерін мойындау, кәсіби дағ­ды­­ларды сертификаттау мәселелерін қарас­тыру қажет.

Сонымен бірге біз кәсіби білім бе­ру­дің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұ­ра­нысқа ие білікті мамандар қалып­тас­тыруға бағыттағанымыз жөн.

Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалып­тас­­тыруға басымдық беріледі. Сол се­бепті «Кәсіпкерлік негіздері» пәні мек­­тептен бастап жоғары оқу орнына де­йін­гі барлық білім беру сатысында оқы­ты­луы керек.

Өскелең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетіне аса назар аудару қажет.

Қаржы тапшылығы кезінде мемле­кет бюджеті есебінен кәсіби спорт клуб­тарын толықтай қамтамасыз ету­дің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квази­мем­лекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда.

Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет.

«Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді.

Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз.

Білім беру сапасы туралы бірер сөз. Былтыр мен дипломды оңды-сол­ды үлестірумен айналысатын білім меке­мелерін жабуды тапсырған болатынмын.

Білім беруді табысты бизнеске айнал­дырған ықпалды адамдардың қарсы­лығынан бұл жұмыс баяу жүруде. Бірақ проблеманы шешу керек. Премьер-Министр бұл мәселені ерекше бақылауға алуға тиіс.

Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді.

Бұл мәселе бойынша бізге тың көз­қа­рас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ ха­лық­аралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет.

Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын.

Ғылымды қаржыландырудың және қол­даудың маңызды көзі – ірі кәсіп­орындардың, әсіресе шикізат саласын­дағы компаниялардың қаражаты.

Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қол­даныстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компа­ниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орта­лықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басым­дық­қа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсы­рамын.

Ірі бизнес өкілдері өңірлік универ­си­теттердің ғылыми қызметін қамқор­лыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның бас­ты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ.

VI. Денсаулық сақтау саласын дамыту

Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді.

Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Бюджетті таяудағы нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Мұны біз қазіргі дағдарыс кезінде қолға алып жатырмыз, енді оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек.

2023 жылға қарай дәрігерлердің жала­қысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәсе­лесі шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін.

Тағы бір мәселе – медициналық инфра­­құрылымды дамыту.

Жыл соңына дейін еліміздің аймақ­тарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл – осы мақсатқа орай 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз.

Елбасының бастамасымен Нұр-Сұл­тан және Алматы қалаларында 2 көпса­лалы медициналық орталық салынады. Бұл орталықтар еліміздің бетке ұстар мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін беретін болады.

Үкіметтің алдында алғашқы дәрі­гер­лік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау міндеті тұр. Бұл қызмет қалың жұртшылық, әсіресе ауыл тұрғындары үшін мейлінше жедел әрі қолжетімді болуға тиіс.

Шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қал­пына келтіру шараларын жүзеге асыр­ған жөн. Денсаулық сақтау ісінің тиім­ді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельд­шер­лік-акушерлік пункттермен және дәрі­герлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажет.

Пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесі өткір қойылып отыр.

Үкіметке медицина мекемелерін кадр­лармен қамтамасыз етуге арналған ұзақ мерзімді (он жыл) болжам әзірлеуді тапсырамын.

Ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар бар­­лық медицина мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтан­ды­руға, науқастарға арналған орындар қо­рын 50 пайызға жаңартуға, ескірген ин­­фра­құрылымды ауыстыруға, өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жет­кі­зуге мүмкіндік береді.

VII. Экология және биологиялық әркелкілікті қорғау

Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды.

Бірқатар қордаланған проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Парламенттің бұл маңызды құжатты жыл аяғына дейін қарап, қабылдауын сұраймын

Үкіметке экологиялық ахуалды жақ­сар­ту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биоло­гиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жос­парларды бекіткен жөн.

Бес жыл ішінде орман алқабында 2 мил­лиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл елі­міздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді.

Елорданың айналасындағы жасыл же­лектің ауқымын ұлғайту мәселесі өте маңызды.

Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл са­лада құқық бұзған азаматтарды қыл­мыс­­тық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек.

Мек­тептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәр­бие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құнды­лық­тарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн.

Ел ішіндегі экологиялық туризм мә­де­ниетін белсенді дамыту – маңызды мін­детіміз.

Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағ­дайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазір­дің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғы­лыми қауыммен және жеке сектормен бір­лесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсы­ныс­тар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет азаматтық сектормен бірлесіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі қажет. Жануарларға көз­қарас – кез келген мемлекеттің өрке­ниет­тілігінің өлшемі. Ал бұл жағы­нан біздің жағдайымыз мәз емес.

VIII. Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында

Заң үстемдігі орнықпаса және аза­мат­тардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бір­де-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мем­лекет» құру тұжырымдамасы. Азамат­тардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс жә­не әділ шешім шығару қажет.

Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мем­лекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұр­ғыда құқық қорғау және сот жүйеле­ріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға ре­форма аса қажет.

Жағдай жедел өзгеруде. Күштік құ­ры­лымдар жұмыстың озық әдістеріне кө­бірек ден қойған сайын олардың ха­лық­­аралық тәжірибелерге бейімделу мүм­кін­дігі арта түседі.

Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай азамат­тардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда.

Бірақ құқық қорғау жүйесінің жұ­мы­­сында бұрынғы дағды бойынша айып­тауға бейімділік басымдау болып тұр. Аза­маттардың қылмыстық жауап­кер­шілік­ке негізсіз тартылатын жағ­дай­лары да аз кездеспейді.

Қылмысты анықтайтын жедел қызмет өкілдері мен процессуалдық шешім қабылдайтын тергеушілер қылмысты ашып, істі сотқа жіберуді басты мақсат санайтын бір басшының қарамағында бірге жұмыс істейді. Алайда көрсеткіш қуалау азаматтардың құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмеуге тиіс!

Прокурорлық қадағалауға келсек, бұл жұмыс үнемі кешеуілдеп жататынын көреміз. Прокурорлар істің мән-жайы­мен тек сотқа жіберер алдында ғана таны­­сады.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі бо­йынша қылмыспен күрес саласын жаңғыртқан жөн. Бізге азаматтардың құқы­ғын заманауи тұрғыдан қорғауды қам­тамасыз ететін және жоғары халық­аралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын.

Полиция қылмысты анықтап, оған қаты­сы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс.

Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуел­сіз баға беруге, азаматтар құқы­ғын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адам­дардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қол­дауға міндетті.

Сот органдардың әрекетіне қатысты шағымды қарайды және іс бойынша ақтық үкім шығарады.

Мұндай тәсіл тежемелік және тепе-тең­дік жүйесін нығайтып, әр кезеңде тиім­ді саралау жүргізіп отыруға мүм­кін­дік береді.

Тағы да қайталап айтамын, заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуге тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағ­ды­рын өзгертетінін естен шығармау керек.

Қылмыстық істер бойынша 2021 жылдан бастап прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі про­цес­суалдық шешімдерді келісу міндетін заң арқылы жүктеген жөн.

Қылмыстық және қылмыстық-про­цес­суалдық заңнаманың тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Оған жиі өзгерістер енгізу құқық қолдану ісіне әсерін тигізеді және бірыңғай тергеу және сот тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.

Заңнаманы қолдануға қатысты шешім қабылдау кезінде көбіне тиісті талдау мен болжам жасалмайды. Шешім заң қолданушыларға ыңғайлы болу тұрғысынан қабылданады. Сондықтан «әкім­шілік» және «қылмыстық» құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын қалып­тас­тыру керек. Қоғамға және заң қауым­дастығына құқық бұзушылық үшін жаза белгілеудің қисыны түсінікті болады.

Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мәлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нәтижеге қол жеткізілді.

«Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады.

Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қол­жетімді әрі беделді болуға, солардың құ­қықтарын қорғауға тиіс.

Құқық қорғау органдары қыз­мет­керлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадр­ларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет.

Бейнебақылау жүйесін дамыту жөнінде көп айтылады. Бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары көбінесе өзде­рі­нің ғимараттарында құрылғысыз оты­рады. Түзеу мекемелеріне және поли­цияның қызметтік ғимараттарына жаппай бейнебақылау орнатуды тапсырамын.

Ішкі істер министрлігі құрылымын қайта қарап, оны саладан алшақ міндет­тер­ден арылту керек. Бұл маңызды ведом­ство жұмысының тиімділігін арттырады.

Біздің табиғи және техногенді апаттар дәуіріне қадам басқанымызды ескеріп, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын.

Қылмыстың алдын алу жұмыстарында да кемшіліктер бар. Прокуратураның қа­дағалауын азаматтарды және бизнес саласын толғандыратын проблемаларды тиімді шешуге бейімдеп қайта бағдарлау керек.

Бізге ауқатты инвестор келсе болды, күштік құрылымдар мен бақылаушы органдар соны тексеруге асығады. Үкімет пен Парламент күштік құрылымдардың бизнес ісіне шамадан тыс араласуына заң арқылы тосқауыл қоюы керек.

Салыққа байланысты құқық бұзғаны үшін бизнес өкілдерін қылмыстық жа­уап­кершілікке тартудың қазіргі тәртібін қайта қарау керек.

Тіркелген кәсіпкерлерге қатысты кез келген тергеу әрекеттері тек сот немесе прокурор санкциясы арқылы ғана жүзеге асырылуға тиіс. Бұл мәселені де қайта қарау керек.

Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы. Сот жарыспалы қағидат бойынша жүруге және судья айып­таушы жаққа тәуелді болмауға тиіс. Сол үшін адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз ету қажет.

Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айна­луы керек. Бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерін жұ­мыл­дыруы арқасында ғана қол жеткізуге болады.

Сот жүйесі ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемеге айналмауға тиіс. Жоғары сот кеңесі мен Жоғарғы сот жаңа кәсіпқой кадрларды сот төрелігін жүзеге асыруға тарту жұмысын белсенді жүргізгені жөн. Сот жүйесі салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық саласының мамандарына зәру болып отыр.

Судьяларды іріктеу бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүргі­зілуге тиіс. Үміткердің қандай еңбегі арқылы жұмысқа қабылданғанын жұрт­шылық біліп отыруы керек.

Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға ке­луге жол ашады. Дамыған елдерде мұн­дай институттар өзін өзі таныта білуде.

Он жылдай уақыт бұрын біз «Ме­диа­ция туралы заң» қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мем­лекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек.

Президент Әкімшілігі жанынан Құқық қорғау мен сот жүйесі реформасы жөніндегі өкілдік комиссия құрылады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пай­да болу себептеріне көбірек назар ау­дарылып, алдын алу жұмыстары жүргі­зілуде.

Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн.

Сонымен қатар сыбайлас жемқор­лық­пен күрес жауапқа тартылудан қорық­қан шенеуніктерді дербестік, баста­ма­шылдық және жедел әрекет ету қасиет­терінен айырмауға тиіс.

Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сек­тор­дың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын.

Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұ­мы­сына тарту қажет. Сондай-ақ, квази­мемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыру керек. Пар­ламент қарауындағы тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін қабылдаған жөн.

Сонымен қатар Қоғамдық кеңес­тер­дің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту қажет. Мысалы, біз мүмкіндігі шектеулі адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағ­дай жасауымыз керек. Олар әрқашан мем­ле­кеттің ерекше назарында болуға тиіс.

Квазимемлекеттік құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметін, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі мәлі­меттерді және басқа да құнды деректерді бүкіл қоғамға қолжетімді ету үшін бірыңғай ақпараттық ресурс құру аса маңызды болып отыр.

Мемлекеттік органдардың шешімі жөніндегі ақпараттың ашықтығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалог орнатуға септігін тигізеді. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заң жобасын мүмкіндігінше осы сессияның аяғына дейін қабылдау керек.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын. 2021 жылдан бас­тап мемлекеттік қызметшілердің, де­пу­таттардың, судьялардың шетел банк­терінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қа­тыс­ты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек.

Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады.

Құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекс­ке өзгерістер енгізу керек.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мер­зімінен бұрын босату шарасы қол­данылмайды. Жемқорлықпен ұсталған­дардың мемлекеттік қызметте және ква­зимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдар­ды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалып­тас­тыруымыз қажет.

Адам құқын қорғау жөнінде жаңа шаралар қабылдау өте маңызды. Мен үшін бұл мәселенің мәні зор.

Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбат­тау­­лардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең ал­дымен балалар зардап шегуде. Олар интер­нет арқылы тараған қоқан-лоқының әсерінен қатты қиналады. Өкініш­ке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азамат­тарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді.

Балалар құқын қорғау жөніндегі бас­қа да шараларды күшейту керек. Атап айтқанда, Бала құқы жөніндегі конвен­цияның хабарлау рәсіміне қатысты фа­куль­тативтік хаттамасына қосылу қажет.

Азаптаумен күрес жөніндегі ұлт­тық заңнаманы жетілдіру мәселесі маңыз­дылығын жойған жоқ. Азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін бұл құжатты Азаптауға және басқа да қаты­гез, адамгершілікке жатпайтын іс-әре­кеттерге қарсы конвенцияның ереже­леріне сәйкестендіру керек.

Адам саудасына қарсы күрес мәсе­лесі де күн тәртібінен түспейді. Бұл жағы­нан Қазақстанның халықаралық қауым­дастық алдындағы жағдайы айтар­лық­тай емес. Құқық қорғау органдары мұн­дай қылмыстарды тергеу рәсімін жетіл­діре түсуі керек. Осыған орай сот тәр­тібімен қатаң жаза қолданылуы қажет. Бұл маңызды міндет мемлекеттік орган­дар­дың үйлесімді іс-қимылын талап етеді.

Парламенттегі заңдар тезірек қа­был­данады деп үміттенемін.

IX. Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі

Цифрландыру – сәнге айналған үр­діске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабі­леттілігін арттырудың негізгі құралы.

Ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажет­тілікке айналып отыр.

Әлеуметтік жағынан осал отбасы­лардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі.

Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін көріп отырмыз.

Мұның бәрін толықтай цифрландыру керек. Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс.

Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн. Жыл соңына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып (47-ден 30-ы), мәліметті цифрлы түрде растау тәсілін қамтамасыз етуді тапсырамын.

Бізде мекенжай, мүліктік және өзге де анықтамалар бойынша оң тәжірибе бар. Мемлекеттік органдар жеке куәлікті, дип­ломды, жүргізуші куәлігін электронды түрде қабылдауға тиіс.

Халыққа электронды сервистерді қолдануды ыңғайлы ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де, бизнесте де биометрияны кеңінен пайдаланған жөн.

«Деректермен» жұмыс істеуді жаңа деңгейге көтеру керек. Мәліметтер базасының бірыңғай жүйесімен қамта­масыз ету және оны әрі қарай дамыту – Үкіметтің басты міндетінің бірі.

Әзірге бұл жұмыс тиісті деңгейде реттелмеген. Оның бір себебі ақпараттық технологиялар саласында мемлекеттік және олармен үлестес бірнеше компания басымдыққа ие болып отыр.

Министрліктер мен әкімдіктердің де ақпараттық-сараптамалық немесе IT-құрылымдары бар. Мұндай құрылымдар ортақ стратегиямен санаспай, мекеме деңгейіндегі мүддені ғана қорғайды.

Ақпараттық технологиялар нарығын, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялар қызметін дамыту – елімізде қосымша құн қалыптастырып, жұмыс орындарын ашып қана қоймай, осындай қызметтерді шетелге экспорттауға да жол ашады. Осы әлеуетті толық пайдаланған жөн.

Ақпараттық технологиялар саласы мен ұлттық бизнес ынтымақтастығының болашағы зор.

Мемлекеттік және жекеменшік ірі ком­паниялар шетелде жасалған әзірле­мелер мен қосымшаларды сатып алуға ондаған миллиард теңге жұмсайды.

Үкімет өнеркәсіп пен ақпараттық технологиялар саласының арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға атсалысуға тиіс. Бұл әр саланың цифрлы экожүйесінің қозғаушы күші бола алатын цифрлы технология платформаларын құруға мүмкіндік береді.

Біз Қазақстанның «мәліметтерді» өңдеу және сақтау жөніндегі халықаралық хабқа айналуына жағдай жасайтын заңдар қабылдадық. Былтырдың өзінде цифрлы майнинг ісіне 80 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Елімізге әлемдік алпауыт цифрлы компанияларды тартуымыз керек. Әйтпесе өзге мемлекеттер алдымызды орап кетеді.

Бес жыл ішінде осы салаға салынатын инвестиция көлемін 500 миллиард теңгеге дейін жеткізуі қажет.

Х. Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы

Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аза­маттық диалогты дамыту ісіне тың серпін берді. Кеңес еліміздегі жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтырып, өз миссиясын орындады. Соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмыс санатынан алып тастау және 174-бабын ізгілендіру үшін өзгерістер қабылданды. Жұмысты сапалы әрі же­дел атқарғаны үшін Парламентке риза­шылығымды білдіремін.

Бұл – саяси саладағы реформа­лары­мыздың бастамасы ғана. Оны жаңғырту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру.

Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олар­дың өздерін осы іске белсенді түрде тарт­қан жөн. Алдағы саяси реформа­лар­дың барлығы халықты мемлекет бас­қару ісі­не кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек.

Мысалы, қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды.

Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткі­зуге болады деп ойлаймын.

Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет.

Аса маңызды мәселенің бірі – ай­мақ­тарды бюджеттен қаржыландыру моде­лін әзірлеу. Бұл ретте «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек.

Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұм­сала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидж­дік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шы­ғындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды.

Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бас­тамаларға аудандар мен елді мекен­дер­дің бюджетінен қаражат бөлу үшін қо­ғам­дық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл рет­те онлайн сауалдаманы да қолданған жөн.

Жергілікті өзін өзі басқарудың қар­жы­лық мүмкіндіктерін арттыру керек. Ол үшін ауылдық округ бюджетінің мүліктік құқығын кеңейтіп, кірісін арттыру қажет. Бұл «халық атсалысатын бюджет» жобасын дамытудың келесі кезеңі болғаны жөн. Үкімет бұл маңызды мәселені шешу үшін осы жылғы 1 желтоқсанға дейін нормативтік база мен тиісті ұсыныстарды әзірлеуге тиіс.

Мәслихаттар өкілді орган ретінде өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты. Бірақ көп жағдайда олардың пікірі ескерусіз қалады. Бұл – барып тұрған саяси анахронизм.

Осы орайда мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыретін беруге болады деп ойлаймын.

Мәслихаттардың тексеру комиссия­ларын да күшейткен жөн. Үкімет пен Есеп комитетіне заңдарға енгізілетін тиісті түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырамын.

Мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілімдерін енгізу қажет. Халық қалаулыларының өзара пікір­та­ласы, олардың қоғамдық-саяси келбеті жұрт­шылық үшін қол жетпес құпия болмауға тиіс.

Жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін өзі басқару органдары құзы­реттерінің аражігін кезең-кезеңмен ажырату қажет.

Жергілікті өзін өзі басқару органдары болып саналатын жиындар мен жина­лыстардың мәртебесін арттырған жөн. Аудандық мәслихаттар нақты шешім­дер қабылдаған кезде олардың өзекті мәселелер туралы пікірін ескеруге тиіс.

Қалалардағы өзін өзін басқару мәсе­лесіне жеке-дара тоқталған жөн.

«Мүліктік меншік иелерінің бірлес­тігі» институтын енгізу жөніндегі реформа басталды. Тиісті заң да қабылданды. Ен­ді барлық көппәтерлі тұрғын үйлер кезең-кезеңмен осы басқару нысанына көшеді.

Бұл реформа меншікті басқару ісінде тұрғындар пікірінің ескерілуін, сондай-ақ тұрғын үйді пайдалану және жөндеу жұ­мыстарына бөлінген қаражаттың ашық­тығы мен есептілігі болуын көздейді.

Үкімет пен әкімдер осындай маңызды реформаның жүзеге асырылуын қамта­масыз етуге тиіс. Себебі мұндай бірлестік – өзін өзі ұйымдастыру және басқару институтының бастау негізі.

Жергілікті өзін өзі басқаруды дамы­тудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтін кез келді. Парламент соның негізінде тиісті заңдар қабылдайды.

Ашығын айтуымыз керек, мемле­кет­тік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергі­лікті деңгейдегі мәселелерімен орта­лық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мем­лекет басшысына шағымдануға мәжбүр.

Сол үшін жергілікті жердегі басшы­лардың құзыреті мен жауапкершілігін арттыру керек.

Әлеуметтік желілердің арқасында өңірлерде шешімін таппаған мәселелер бүкіл елге белгілі болып жатады.

Азаматтарымыз реформаларға бас­тамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуға тиіс.

Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құ­қық­тық базасын әзірлеуге және оның бар­лық техникалық мәселелерін шешуге тиіс.

Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрын­ғыдай саяси партиялар атқара береді.

Nur Otan партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады.

Сонымен бірге мен, Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін.

Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады.

Демократияның басты жауы – білім­сіздік пен популизм. Осыны естен шығар­маған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жа­ңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деп үміттенемін.

Айтылған барлық реформалардың, өзгерістердің табысты жүзеге асуы бар­­шамыздың бірлігімізге, отан­­шыл­­дығымызға және азаматтық жауап­кер­шілі­гімізге байланысты.

ХI. Ұлттың жаңа болмысы

Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру.

Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады.

Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын.

Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біз­дің күнделікті өмірлік ұстаным­дары­мыз да өзгеруі керек.

Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар жә­не жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Бі­­лім­ді болуға оқу керек. Бай болуға кә­сіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы ке­рек­тердің жолында жұмыс істеу керек» дейді.

Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды.

Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.

Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.

Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.

Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.

Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет.

Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқып­тылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қа­­­зақты дәл осындай кейіпте көргіміз ке­­ле­ді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мем­­ле­­кет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.

Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағи­даттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапа­сын арттыруға атсалысу.

Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек.

Ысырапшылдық пен даңғазалық қо­ғам­ның да, адамның да абыройын тө­геді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бү­кіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөз­ді­лік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғам­ның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шын­ның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр.

Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн.

Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек.

Құрметті отандастар!

Алдымызда ауқымды әрі күрделі мін­деттер тұр. Соларды табысты жүзеге асы­ру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жал­пы­ұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет.

Біздің стратегиялық бағытымыз – ай­қын. Түйткілді тұстарымыз бен кемші­лік­терімізді жақсы білеміз.

Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағда­рыс жағдайында атқарылатын іс-шара­лар­дың жоспарын баяндадым. Оның жеміс­ті жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты.

Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр.

Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ.

Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған.

Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз.

Біз – халқымыздың тәуелсіздік жо­лындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз.

Келер жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы.

Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақ­сатымызға жетеміз.

Бұл біздің қолымыздан келеді.

Мен бұған кәміл сенемін.

Еліміз әрқашан аман болсын!



Текст
Виртуальная приемная